"ҰЛЫТАУ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІ"
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Логотип

КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ
"ЦЕНТРАЛИЗОВАННАЯ БИБЛИОТЕЧНАЯ СИСТЕМА УЛЫТАУСКОГО РАЙОНА"

Көкмайса

«Көкмайса – 2018» этнофестивалі

"Көкмайса" этнофестивалі Үстіміздегі жылдың мамыр айының 6-9 аралығында Ұлытаудың баурайында «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Көкмайса» этнофестивалі өтті. Өткен жылы өткізілген «Ұлытау қымызы» және биылғы «Көкмайса» фестивальдері өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Фестиваль аясында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері салтанат құрып, қазақтың материалдық емес құндылықтары насихатталады. «Көкмайса» фестиваліне киіз үйлер тігіліп, шағын жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда жергілікті тұрғындар қымыз, айран, май, қаймақ сынды өнімдерін келген қонақтарға ұсынды.

Фестиваль қонақтары мен қатысушылары атқа мініп, Ұлытауға шығып демалуға, сондай-ақ олар Ұлытаудың тариxи орындарын аралауға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, енді «Көкмайса» фестивалі жыл сайын өткізілмек.


«Көкмайса – 2019» этнофестивалі

«Көкмайса – 2019» этнофестивалі. ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҚАСТЕРЛЕГЕН – ЖАРҚЫН ІС
Тау баурайын думанға бөлеген этнофестиваль аясында еліміздің әр аймағынан келген жастардың бір шоғыры ойын-сауық құрып, алтыбақан теуіп, Ойсылқара тұқымы түйені тамашалап, қазақтың құмай тазысын қызықтап, сәйгүлікке мініп серуен құрды.
Этноауылдағы осы бір кез этнофестивальдің шырайын келтірді. Жалпы айтқанда, сәні
мен салтанаты жарасқан этноауылдағы 32 киіз үйден үш күн бойы қонақ арылмады. Этноауылдың 134 шаршы метр алаңына тігілген ақшағаладай ақбоз үйлерде қонақ күтілді. Этноауылдың бір бөлігінде қызу сауда жүріп, ұлттық тағамдар, ұлттық сусындар үлкен сұранысқа ие болып молынан сатылды. Сатып алу жағынан жасы бар, жасамысы бар келген меймандар іркіліп қалған жоқ. Этноауылдың тағы бір бөлігінде, қолөнер шеберлерінің төл туындылары көрмеге қойылып, сәндік бұйымдары саудаланды. Қысқасы, «Көкмайса» этнофестивалі туризмді дамытуға
арналған нақты коммерциялық жоба екені сол күні анық сезілді. Өңір халқы да туризм
түлесе табыс көзі ашылатынын түсінгендей болды. Этнофестиваль аясында көкейге
түйген ойдың бір парасы осы...Бұдан кейін көпшіліктің қызықтаған сәті – «мешкейлер»
сайысы болды. Сайысқа Орал, Жезқазған қалаларынан, Алғабас, Ұлытау, Сарлық ауылдарынан 6 жігіт қатысып, сынға түсті. Сайысқа қатысушыларға қойылған шарт 5 минут ішінде бір табақ етті жеп тауысу болатын. Осы шартқа сәйкес әр жігітке жеке-жеке табақ тартылды. Жігіттер белгіленген уақыт мөлшерінде әрқайсысы өздеріне берілген бір табақ етті жеп тауысуға тырысып-ақ бақты. Бірақ ешқайсысы Жасұлан
Елеусізовпен тең келе алмады. Ұлытаулық азамат І орынды жеңіп алып, 50 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Келесі кезекте «қымыз ішу» жарысы басталып, оған 10 жігіт қатысты. Қымыз ішуге бар болғаны бір-ақ минут уақыт берілді. Осы бір минуттың ішінде Рахман Жұмағали 10 кесе қымызды қотара ішіп, бірінші орынға тағайындалған 30 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Этноауылдың екінші бөлігінде де ұлттық ойындар өткізіліп, ашық алаңда дода дүбірі арнасынан асып жатты. Алаңда еліміздің түпкір-түпкірінен келген кіл мықтылар аударыспақ, теңге алу, садақ ату сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты. Садақ атудан көздеген нысанасын дәл атқан Мейірбек Кеңесов болды. Сондай-ақ, аударыспақ ұлттық ойынында 70 келі салмақта Дидар Есмақаев, 70-тен жоғары салмақта Балғатай Күнтаев дараланды. Тақымы мықты, осы екі азамат білек күшін танытып аударыспақта, І орынды жеңіп алды.ӘН БАЙҚАУЫ Сол күні кешке қарай этноауылдың алып сахнасында дәстүрлі әндер мен бард әндерін орындаудан байқау өтті. Байқауға Жезқазған – Ұлытау
аймағынан 19 өнерпаз қатысып, этноауылды әнге бөледі. Барлығы да талантты, мөлдір дауысты әнші болғанымен, байқаудың аты – байқау ғой. Әншілердің де арасынан күміс көмей, жезтаңдай әншілер анықталды. Дәстүрлі әннен жезқазғандық Ардақ Мұқышевтың жолы болып, І орынды иеленді. Бард әндерін орындауда Еркін Жабағанов жеңімпаз деп танылып, ол да І орынды жеңіп алды. Екі азаматқа да 70 мың теңгенің сертификаты берілді.