"ҰЛЫТАУ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІ"
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Логотип

КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ
"ЦЕНТРАЛИЗОВАННАЯ БИБЛИОТЕЧНАЯ СИСТЕМА УЛЫТАУСКОГО РАЙОНА"

Ұлытау ауданының білім беру саласы

Ұлытау ауданына қарасты 38 білім беру ұйымының педагогтары да шарапатты бастамадан шет қалмайды. 17 жалпы орта білім беретін, 2 қосымша білім беретін мектеп (Өнер мектебі мен Оқушылар үйі) және 5 балабақша мен 14 мектеп жанынан құрылған шағын орталық мамандары.

Ауданның білім бөлімі басшысы Бағдат Әбдірайымов жас ұрпақты тәрбиелеу, мұғалімдердің имиджін көтеру және білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатындағы жұмыстар ауқымды екендігін алға тартады.

– Мемлекет басшысы Жолдауларынан білім беру ісін одан әрі дамыту міндеті тыс қалған емес.

Мемлекетіміз, халқымыз үшін зор маңызы бар білім беру саласына аудан мұғалімдері де өлшеусіз еңбек сіңіреді.

Білім беруді жетілдірудің 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама бойынша мектепке дейінгі білім беруден бастап, балалар құқығын қорғау, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, білім берудің электронды жүйесін енгізу, инклюзивті білім беру, мектептерді аттестациялаумен қатар, өзге де көптеген мәселелер қамтылады.

— Біз ұрпағымызды, болашағымызды тәрбиелеу жолында мемлекетіміздің білім саясатын басшылыққа ала отырып, жүктелген міндеттерді атқара береміз, – дейді Б.Әбдірайымов.

Ауданның бас ұстазы мәлімдегендей, бүгінгі таңда аудан мектептерінде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі жоқ.

«Балапан» бағдарламасы аясында аудандағы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту толығымен шешілген.

2018-2019 оқу жылында аудан мектептері бойынша 2 мыңға жуық шәкірт тәрбиеленуде. Олардың 215-і – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Сондай-ақ, 200-ден астам балақай даярлық сыныбында оқып жүр.

Осы жолда білек сыбанған 500-ге жуық бала бағбанының қатары биылғы оқу жылында 9 жас маманмен толыққан. Ұлт ұясындағы мектептерде жаңартылған мазмұнға көшу мақсатында да ауқымды шаралар қолға алынған.

Мәселен, биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұны бойынша 3,6,8 сыныптардағы ұл-қыздар тәлім-тәрбиемен сусындауда. Аудан бойынша 270 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өткен. «Орта білім беруге жаңартылған мазмұнын енгізу барысында, ұстаздардың еңбекақысын көтерумен қатар, қазіргі заманғы оқу құралдарына, интернетке, ұстаздардың біліктілігін арттыруға қажетті шығындар да қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізуде», – дейді ауданның білім бөлімі мамандары.

Жаңартылған мазмұнға көшу аясында мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары, соның ішінде, үш тілді оқыту әзірлігін қамтитын курстар ұйымдастырылып оқытылған.

Қолымыздағы ресми деректерге сүйенсек, Ұлытау ауданы бойынша информатика, физика, химия және биология пәндерінен сабақ беретін пән мұғалімдерінің жалпы саны – 74. Олардың қатарында ағылшын тілін оқыту курстарынан өткені –10 мұғалім (13,5%).

Жаңартылған білім беру бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – биылғы жылы 7 мектепте 8 сыныптар бойынша (№1 Ұлытау, №6 Жезді, №7 Сарысу, №15 Қарсақбай, Жезді аралас мектеп-интернаты, №5 Пионер және №14 Алғабас ЖОББМ) жаратылыстану пәндері үш тілде оқытылуда.

№1 Ұлытау (ағылшын тілі), №6 Жезді (география пәнінен) және №15 Қарсақбай (математика пәнінен) жалпы орта білім беретін мектеп базасындағы Тірек мектептерінен пилоттық тұрғыдан бейіндік сыныптар ашу да оқу жылы қарсаңындағы жоспарға енген.

Аудандағы білім беру мекемелерінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4-бағыты жүйелі жүзеге асырылуда. Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып аудандағы №1 Ұлытау жалпы орта білім беретін мектеп базасындағы Тірек мектебінен ІТ-сынып ашылды. Сонымен қатар, аталған мектепте «Гидропоника» тәсілі қолға алынды. Яғни, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісімен қолданатын құрылғы орнатылды.

Ауданның білім бөлімі басшылығы мәлімдегендей, мектептердің материалдық техникалық базасын нығайту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте, 2018-2019 оқу жылы қарсаңында мектептерге оқу әдебиеттерін сатып алу үшін аудандық бюджеттен 32 миллионнан астам қаражат бөлінген.

Оқулықтар «Атамұра», «Мектеп», «Алматы кітап», «Бөбек», «Арман ПВ», «Келешек», «Білім», «Еdu Stream», «Астана-кітап», «НиШ», «Көкжиек-Горизонт» баспаларынан шыққан 1,2,3 сыныптарға арналған барлық пәндер бойынша жұмыс дәптерлерімен қоса сатып алынған. 3,6,8 сыныптарға барлық пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары алынып, барлық жалпы орта білім беретін мектептерге 100% үлестірілген.

Осылайша, жаңа оқу жылын жаңа оқулықтармен толықтай бастауға мүмкіндік туған. Жас буынның алтын ұяларының қыс мезгіліне әзірлігі де жоспарға сай пысықталған. 2018-2019 оқу жылындағы жылыту маусымын ойдағыдай өткеруге қажетті 5070 тонна көмірді сатып алуға аудандық бюджеттен 89 миллионнан астам қаражат бөлінген.

Бұған дейін «Орталықта» жариялағанымыздай, Ұлытау ауданындағы білім беру мекемелерінің қазандықтары көмірмен толықтай қамтылды. Осы жазда ауданның білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына жөндеу жұмыстары да жүргізілді.