"ҰЛЫТАУ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІ"
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Логотип

КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ
"ЦЕНТРАЛИЗОВАННАЯ БИБЛИОТЕЧНАЯ СИСТЕМА УЛЫТАУСКОГО РАЙОНА"

Оралхан Бөкеев "Қайдасың,қасқа құлыным" атты повестер мен әңгімелер жинағы

Оралхан Бөкеев "Қайдасың,қасқа құлыным" атты повестер мен әңгімелер жинағы

«БІР ЕЛ - БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2012 г.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Кітапханашылар ассоциациясы қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алған «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл да жалғасын тапты. Күні кеше ғана Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың төрағалымен өткен «Бір ел – бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитетінің отырысында осы жылғы жобаның кітабы жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Оралхан Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестер мен әңгімелер жинағы болып табылды деген шешім шығарылды.

Бұл шараның ерекшелігі, бір автордың бір кітабы немесе белгілі бір мазмұнды шығармасы таңдап алынып, ол бір жыл бойы ел ішіндегі миллиондаған оқырман назарына ұсынылады.

Жобаның мақсаты – оқуды жандандыру жөніндегі бағдарламаны дамыту, сауаттылық пен оқу мәдениетін қолдау, рухани мұраны сақтау, ана тіліне деген қамқорлықты күшейту, сондай-ақ, жастарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беру.

Бүгінде «Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» ММ барлық кітапханаларында «Бір ел – бір кітап» ақциясын өткізу қанатын кең жайып, ауқымдала түсуде. Дәстүрлі болған «Бір ел - бір кітап» акциясы басталған беттен-ақ кітапхана қызметкерлері қаламыздың түрлі қоғамдық, мемлекеттік ұйымдарымен тығыз байланыста бірлесіп әртүрлі бағытта, стилде, форматта: кездесу және әдеби кештерін, оқу марафондары, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар т.б. жұмыстарды жүргізу жоспарын жасап, акцияға тұрғылықты халықтың барлығын тарту үшін жарнама науқанын кеңінен жүргізуде.

Оралхан Бөкейдің шығармашылығын пір тұтатын барлық кітап сүйер қауымды осы кітаппен тереңірек танысу үшін кітапханаларда өтетін шараларға қатысып, ат-салысып, белсенділік танытуға шақырамыз.

Оралхан Бөкеев

(1943-1993)

28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1969). 1965-1968 жж. Шығыс Қазақстан облысы, Большенарым ауданы «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде (1968-1974), «Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, 1983-1993 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, Бас редакторы болған.

«Қамшыгер» (1970), «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным» (1973), «Мұзтау» (1976, орыс тілінде - 1987), «Ән салады шағылдар» (1978, орыс тілінде - 1981), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984, орыс тілінде - М.,1984) әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» (1983, орыс тілінде - 1984) романы, «Құлыным менің» (1987) пьесалар жинағы шықты.

«Құлыным менің» (2 актілі драма, 1974), «Текетірес» (2 актілі драма, 1976), «Қар қызы» (2 актілі элегия, 1982), «Зымырайды поездар» (2 бөлімді драма, 1984), «Жау тылындағы бала» (2 бөлімді драма, 1985), «Мен сізден қорқамын» (2 бөлімді драма, 1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылды.

Орыс тілінде «Жасынның ізі» (М., 1978) әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған. Оның шығармалары бойынша «Кісікиік» (реж.М.Смағұлов, 1985), «Сайтан көпір» (реж.Д.Манабаев, 1986) көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль (1986, балетмейстер Б.Аюханов) қойылды.

«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1986), Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың (1978) иегері.

Өмірден ерте кеткенімен артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адамның сезім тұңғиығына, жандүние тереңіне, ой-арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет ете береді