"ҰЛЫТАУ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІ"
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Логотип

КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ
"ЦЕНТРАЛИЗОВАННАЯ БИБЛИОТЕЧНАЯ СИСТЕМА УЛЫТАУСКОГО РАЙОНА"

"Бір ел - бір кітап" акциясы 2018 жыл

"Бір ел - бір кітап" акциясы 2018 жыл

Жылдағы дәстүр бойынша «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына жыл бойына оқылатын кітап таңдалды. Биылғы оқу акциясына тұңғыш рет үш бірдей кітап таңдап алынды. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітаптарын оқу жыл бойы насихатталатын болады. Естеріңізге сала кетейін, біз бұған дейін ең алғашқы акциямызды Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алған болатынбыз. Одан кейінгі жылдары М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі, М.Жұмабаевтың лирикасы, Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, О.Бөкейдің прозалық шығармалары, Ф.Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинақтары, Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Д. Бабатайұлының шығармалары таңдалып алынды. 2017 жылы қазақтың ақыны, ағартушы-демократы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларымен жалғасты.


Акцияның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға, отандық әдебиетке деген жастардың қызығушылығын арттыру болып табылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны. Ұлы Абайдың Құдайберді деген ағасынан туған немере інісі. Шәкәрім – ақын ғана емес, ол – жазушы, тарихшы, композитор әрі философ. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгеріп, бұл тілдерден аударма да жасаған.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында ата-бабасының шығу тегін, ерлік салтын, ұрпақ тәрбиесін, қарапайым ауыл адамдарының кісілік келбетін, мінез-құлқын, сол кездегі қоғамдық ортаны, әлеуметтік жағдайды, ізгі дәстүрімізді жазған.
Қазақтың Корчагині атанған жазушы, ғалым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологта ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген.